09
нау.

Жас аналарға құрмет

8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесінде жасотандықтардың бастамасымен «Jas Otan» ЖҚ Ақтөбе облыстық филиалының Төрағасы Ануар Искарин, облыстық мәслихат депутаты Еламан Итигулов және қалалық мәслихат депутаты Талғат Хамитов Ақтөбе қаласындағы Аналар үйіндегі жас аналарды мерекелерімен құттықтап, оларға сый құрмет көрсетті. 

Еліміздегі жетімдер мен бас тартылған балалар санын азайту мақсатында «Ана үйі» әлеуметтік жобасымен ашылған қаладағы Аналар үйінде қазіргі уақытта 3 жас ана тұрып жатыр. Аналар үйінің үйлестірушісі Меруерт Ахметжанованың айтуынша, өмірдің қиын жағдайына тап болған кез келген жас анаға мұнда қолдау білдіруге толық мүмкіндік бар. Ең бастысы аналарды дүниеге әкелген нәрестелерінен бас тартқызбау.

- «АНА ҮЙІ» қоғамдық қоры әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және жыл сайын балалар үйіне түсетін балалардың санын азайту мақсатында ұйымдастырылған қайырымдылық жобасы. Сондықтан, дәл осындай қиын жағдайда қалған аналарға демеу боламыз. Ана үйі Айдын Рахимбаев пен оның жұбайы Анар Рахимбаеваның бастамасымен құрылған. Олар бас тартудың себебіне назар аударуды ұйғарды және егер уақтылы психологиялық және қаржылық қолдау көрсетілсе, баладан бас тартудың алдын алуға болатындығын көрді. Осылайша, еліміздің барлық қалаларынан баладан бас тартуға шешім қабылдаған 17 жастан 30 жасқа дейінгі әйелдер үшін (жүкті әйелдер, кеш мерзімде немесе 18 айға дейінгі балалары бар) дағдарыс орталықтарын ұйымдастырды. Бұл жобаға ірі кәсіпкерлер қолдау білдіріп келеді. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы Аналар үйінің меценаты Исламбек Салжанов. Ол 7 жыл бойы демеушілік жасады, - дейді Меруерт Ахметжанова. 

Оның айтуынша, мұнда әйелге тұрғын үй (баласы бар әйел 6 айға дейін тұра алады), тегін тамақ, психологиялық және медициналық көмек беріледі. Бұл жерде оларға құжаттарды қалпына келтіруге, балаға жәрдемақы рәсімдеуге, құқықтық қолдау көрсетуге, тұрғын үй және басқа да мемлекеттік кепілдіктер алуға кезекке қоюға көмектеседі. Сондай-ақ, жоба қамқорлықтағы адамдарды міндетті кәсіптік оқытуды көздейді. Әрбір "ана үйінде" тігін шеберханасы және компьютерлік сынып бар. "Аналар үйінде" болған уақыт ішінде әйелдер әлеуметтеніп, кәсіби сұранысқа ие бола алады және өздері мен балалары үшін болашаққа ақша жинай алады.

-Ананың баласынан бас тарту фактілерін болдырмау және жетімдердің санын азайту бағытында бұл жоба әлі де болса ақапарттық қолдауға мұқтаж. Өмір болған соң, түрлі жағдайлар болады. Алайда, бұл әлеуметтік жобадан көп адамдар бейхабар. Салдарынан, көздеген мақсатымызға жету қиын, - дейді Меруерт Ахметжанова.

Мереке иелерін құттықтап барған «Jas Otan» ЖҚ Ақтөбе облыстық филиалының Төрағасы Ануар Искарин, облыстық мәслихат депутаты Еламан Итигулов және қалалық мәслихат депутаты Талғат Хамитов лебіздерін білдіріп, олардың мәселелеріне назар аударып, алдағы уақытта бірқатарының шешімін табуына ықпал ететіндіктерін айтты.