06
қар.

Ауыл жастарының мәселесі күн тәртібінде

«Nur Otan» партиясы «Jas Otan» жастар қанатының Маңғыстау облыстық филиалы өңірдегі барлық қала мен аудан орталықтарында жастармен кездесіп, жастардың мәселелерін тыңдады. Кездесулердің мақсаты – ауыл жастарының тыныс-тіршілігімен танысу, жастардың өзекті мәселелерінің шешу бағытында жұмыс жасау. Сонымен қоса, өңірлерде орналасқан студенттік жатақханаларға мониторинг жұмыстарын жүргізу.

«Қазан айының соңғы аптасы біз үшін өте қауырт апта болды. Себебі біз өңірдегі барлық аудан орталықтарында болып, жастармен кездестік. Кездесу барысында «Jas Otan» жастар қанатының «Жастар Отанға» 2025 жылға дейінгі бағдарламасы жастарға таныстырылды, бағдарлама аясында жасақталған жол картасына қатысты ұсыныстар жинақталды, жастардың өзекті мәселелерін тыңдалды. Сонымен қоса, Жаңаөзен қаласында, Қарақия ауданында орналасқан студенттік жатақханалардың жағдайына мониторинг жұмыстарын жүргіздік. Мониторинг барысында жатақханаларға қатысты сын-ескертпелерімізді жеткіздік. Мысалы, Жаңаөзен медициналық колледжінде киініп-шешіну бөлмесінің талапқа сәйкес келмеуі туралы ескертпе білдірілді. Аталған ескертпе бойынша колледж басшылығы алдағы уақытта талаптың орындалуы бойынша жұмысты жүргізетін жеткізді» дейді «Jas Otan» ЖҚ Маңғыстау облыстық филиалының жетекшісі Н.С. Мағдатов.

«Бүгін жастармен кездесуге біздің ауданға «Jas Otan» ЖҚ Маңғыстау облыстық филиалының жетекшісі Наурызбек Мағдатов арнайы келді. Біздің аудан облыс орталығынан шалғайда орналасқан. Шалғайда орналассақ та, жастармен кездесуге келгені үшін жастар қанатына алғыс білдіремін. Кездесу барысында Бейнеу ауданына коворкинг орталық, студенттерге жатақхана қажеттігі жөнінде мәселе көтердім. Наурызбек аталған мәселелердің өз деңгейінде шешілуіне жұмыстанатын жеткізді» дейді Бейнеу аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Тұралы Жолышов. 

Аталған кездесу барысында жастар тарапынан қойылған ұсыныс пен пікірлер алдағы уақытта ескерілетін болады. Сұрақтар бойынша нақты жауаптар берілді, кейбір мәслелер бойынша мемлекеттік органдармен байланысып нақты жауаптары беріледі.