09
қыр.

Студенттік жатақханалар тексеруден өтетін болады

Қазақстан бойынша студенттік жатақханаларды тексеру басталды. Рейдті «Jas Otan» Жастар қанатының және «Nur Otan» партиясы жанындағы Жастар кеңесінің өкілдері ұйымдастыруда.«Jas Otan» төрағасы Нұржан Жетпісбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаймен және Жастарды қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің өкілдері Қарағанды облысының жоғары оқу орындары мен колледждерінің жатақханаларына мониторинг жүргізді.

Мониторинг топ мүшелері болашақ дәрігерлерге арналған 400 төсек-орындық студенттік үй салынып жатқан «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ жатақханасының құрылыс алаңына барды.


Сонымен қатар, Қарағанды техникалық университеті мен Қарағанды индустриялық университетінің жатақханаларын тексерді. Партия мүшелері жатақханалардың сумен, жылумен жабдықтауын, жарықтандыруын, санитарлық нормаларға сәйкестігін, үй-жайлардың жағдайларын тексерді.
Мониторинг қорытындысы бойынша Көпсалалы гуманитарлық техникалық колледжінің жатақханаларында бірқатар бұзушылықтар анықталды. Аталған студенттер үйінің мәселесін депутат Елнұр Бейсенбаев жеке бақылауына алды.
Қарағандыда жатақханаларға 2000-ға жуық студент мұқтаж. Орын жетіспеушілігі мәселесі ішінара шешілуде. Жақында 800-ден астам жас 6 жаңа және жөнделген ғимаратта тұра алады.



Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап жасотандықтар жастарды қолдау жөніндегі кеңес мүшелерімен, жергілікті атқарушы органдармен, Төтенше жағдайлар аумақтық департаменттерімен, жергілікті полиция қызметтерлерімен, жастар ұйымдарымен бірлесіп жоғары оқу орындарының және ТжКБ-ның 126 жатақханасына тексеру жүргізді. Жүргізілген мониторинг еліміздің 10 жатақханасында жүйелі сипаттағы маңызды проблемаларды анықтады. Бұл лас үй-жайлар, тұрмыстық бөлмелер, ас үйдің, оқу залдарының болмауы, авариялық жағдай, шамадан тыс жүктеме, жатақханалардағы орындардың жетіспеуі және т. б.
Мониторинг нәтижелері бойынша жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік орта білім беру мекемелерінің басшылығына жағдайды жақсарту жөнінде тиісті ұсынымдар жолданады.